Сұхбат

«Ондай әнді қазір ешкім жазбайды»: Толқын Забирова жастарға кеңес берді

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші әрі ұстаз Толқын Забирова шәкірттеріне үнемі айтып отыратын кеңесі мен ұстаздарға қойылатын талап туралы айтты. Сондай-ақ пандемия кезінде бос уақытта немен шұғылданып жүргеніне тоқталды

АЛМАТЫ, 22 ақпан –  Sputnik. Өз мамандығын сүйіп, бар жан-тәнімен сол салаға бет бұрып, талаптанатын шәкіртті барлық ұстаз бағалайды. Ұстаз да соған сай бойында бар білімді «көремін, білемін, оқимын» деген балаға беруге асық болары сөзсіз. Сондай кісінің бірі – әнші Толқын Забирова. 20 жылдан бері Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында сабақ беретін білікті ұстаз Sputnik Қазақстан тілшісіне ұстаз бен шәкірт бойында болуы қажет қасиет пен дауыстан «айырылып» қалмаудың жолдарын айтты.

Ұстаз болу – үлкен жауапкершілік

«Ұстаз болу оңай емес. Өзіңде бар білімді өзгемен бөлісу – үлкен жауапкершілік. Бұл еңбекке қабілеттілікті талап етеді. Өзімен-өзің жұмыс істеп, өз дәрежеңді жоғары көтеруің керек. Себебі әртүрлі студент кездеседі, әртүрлі сұрақ қояды. Соның бәріне жауап беруге дайын болуың керек», – деп бастады әңгімесін Толқын Забирова.

Әнші ұстаздың сана-сезімі, ой өрісі өте жоғары болуы керек деп есептейді. Неғұрлым көп оқып, көп ізденген ұстаз шәкірттермен пікір алмасып, түсінісе алады.

«Қазір онлайн сабақ жүріп жатыр. Аптасына екі рет 20 минут студенттермен жүздесеміз, сонымен сабақ бітеді. Ал қалған уақытта студент Youtube арқылы немесе онлайн сабақ арқылы әртүрлі методиканы көріп, соның ішінен өзіне керегін алып қалуы керек. Шәкірттерімнен тек менің сабағымды ғана емес, барлық сабақты солай оқуын талап етемін», – дейді Забирова.

Өзімді талапшыл ұстазбын деп ойлаймын. Өйткені берген білімімнің арқасында шәкірт деңгейінің өскенін, жақсы жаққа өзгеріп келе жатқанын байқап отырамын. Менің сабақ берудегі әдіс-тәсілім студенттерге өте пайдалы деп ойлаймын, дейді ол.

«Білім – үлкен қару. Мұны барлық ұстаз біледі. Алайда кейбіреу жалқаулықпен қарайды, қол сілтеп, аса көп жауапкершілікті сезінбейді. Алдыңа келген шәкірттің деңгейі қандай екенін білу үшін ұстаздың білім деңгейі жоғары болуы керек», – дейді 20 жылдық жұмыс өтілі бар ұстаз.

Еңбекқор шәкіртті бағалайды

Әнші Толқын Забирова өнер жолын таңдаған адамның бойында болуы қажет қасиеттерді де атады. Әнші еңбекқор әрі өзіне жоғары талап қоятын шәкірттерді жоғары бағалайтынын айтты.

«Бар ойым, қиялым, болашағым – өнер деп, соған күнделікті уақытын бөліп, даусын, ой өрісін қайрап, өзіне жоғары талап қоятын еңбекқор шәкірттерді бағалаймын. Өнер жолын таңдап, сол жолда талпынып, осы жерден бағымды ашамын десе құба-құп. Шәкірттеріме өнер бағалы киім, әшекеймен емес, ішкі рухани дүниемен қымбат деп айтып отырамын. Әшекейге ақша табылмауы мүмкін, алайда көрерменге берерің мол болса, сонда өте бай болғаның», – дейді ол.

Әнді қалай таңдайды

«Ән таңдаған кезде арнайы талабым бар. Алайда кейінгі кезде сол талаптарға жауап беретін композиторлар азайып бара жатыр. Өткен ғасырда ескі мектепте оқып, әдемі сазбен лирикалық ән жазған композитор көп болды. Ондай әнді қазір ешкім жазбайды. Төлеген Мұхамеджанов, Әсет Бейсеуов, Бейбіт Бірімғазы, Ақтоты Райымқұлова, Бейбіт Дәлденбайдың әндерін сүйіп тыңдап, орындайтынмын. Қазір заман өзгерген. Басқа ырғақ, басқа стиль, жанрларда микс жасап жатқандар да бар. Өткен заманның әдемі әуені ортамыздан шығып кеткен сияқты», – дейді ол.

Дереккөз

Кілт сөздер:Әрі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close
Close