Сұхбат

«Қазақстандық вакцина салдырдым»: профессор екпеге неге бірден келісті

Қазақстандық вакцина салғызған профессор ерікті түрде екпе салғызуға келісуінің себебі мен отандық вакцинаның ерекшелігі туралы айтты. Сондай-ақ екпе алғаннан кейінгі жағдайымен бөлісті

Келесі айдың соңында коронавирусқа қарсы «QazCovid-in» атты қазақстандық вакцинаны сынақтан өткізу мерзімі аяқталады. Сол кезде оны жаппай шығаруға қажетті құжаттар да дайын болады деген жоспар бар. Ал клиникалық зерттеулер кезінде отандық екпе үш мыңнан астам еріктіге салынды. Олардың ішінде Қазақстанның ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының орынбасары, профессор Ләззат Ералиева да бар. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген ғалым сынаққа не себепті бірден келіскенін және отандық вакцинаның ерекшелігі туралы айтып берді.

Вакцина шығарған ғалымдарды білемін

«COVID-19 пандемиясы басталғанда мен осы проблеманы шешудің екі-ақ жолы бар екенін анық білдім. Біріншісі – вирусқа қарсы тиімді медициналық препарат, екіншісі – вакцина. Өкінішке қарай, коронавирусты емдеу кезінде бірде-бір дәрі коронавирусты тиімді емдей алмады. Қазіргі кезде ондай препарат жоқ. Артынан вакцина да шықты», – дейді Ералиева.

Профессор отандық «QazCovid-in» вакцинасын сынақтан өткізу шаралары басталған бойда ерікті түрде екпе салғызуға келісті.

«Ресейлік вакцина әлі келмеген. Ал қазақстандық екпені сынақтан өткізуді бастаған болатын. Мен бірден өзіме салғыздым. Вирусқа қарсы иммунитеттің болғанын қаладым. Әрине, вакцинаға да сендім. Өйткені оны шығарған Биологиялық қауіпсіздік институтының қызметкерлері де барлығы бірдей өздеріне екпе салғызды. Сосын мен ол вакцинаны шығарған адамдарды жақсы білемін. Олар ғылымға қатты берілген, өз ісін жақсы біледі», – деп атап көрсетті Ералиева.

Қазақстандық және ресейлік вакцинаның айырмашылығы неде

Профессор Ералиева коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны салғызудың тағы бір себебін атады. Оның айтуынша, «QazCovid-in»-нің технологиясын әлем бойынша 80 жылдан астам уақыт бойы қолданып келеді. Соның негізінде басқа вакциналар да шығарылады.

«Бұл жаңа бір әдіс емес, РНК-вакцина да емес. QazCovid-in – ол инактивті вакцина. Ондай технологияны әлем бойынша басқа вирустарға қарсы кеңінен қолданады», – деді Ералиева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Осы орайда ғалым қазақстандық және ресейлік вакцинаның айырмашылығын түсіндіріп берді.

«Олардың технологиясы екітүрлі. Мәселен, біздің вакцинамыздың құрамында инактивті вирус бар. Ғалымдар коронавирустың штамын алып, арнайы химиялық әдіспен барынша әлсіз қылған. Былайша айтқанда, инфекцияның күшін азайтқан. Ал оны вакцинамен ағзаға салғанда вирус тарамайды, бірақ антиденелер бөліне бастайды. Осылайша, иммунитет қалыптасады», – деп атап көрсетті Ералиева.

Ал ресейлік вакцина векторлық екпе болып саналады. Себебі аденовирустар вектор, яғни, вирусты ағзаға жеткізуші рөлін атқарады. Ол үшін аденовирусқа коронавирустың бір бөлшегін ғана «мінгізеді» де, вакцинамен ағзаға енгізеді. Аденовирустар оны жасушаларға жеткізгеннен кейін антиденелер, яғни, инфекцияға қарсы иммунитет қалыптасады. Қазақстандық және ресейлік вакцинаның ұқсастығы бар, екпе екі рет салынады.

«Вакцина салғанымды ұмытып кеттім»

«Мен өзім вакцина салғызғаннан кейін ешқандай реакция сезген жоқпын. Шынымды айтсам, екпе алғанымды ұмытып кетіппін. Жаттығудан кейін суға түсіп, вакцина салғызған жерді қатты ысқылап жібергеннен кейін ғана есіме түсті (күлді). Негізі, мен тұмауға қарсы вакцинаны да салғызғанмын. Себебі тұмаумен ауырсаң, иммунитет төмендейді. Демек, коронавирусты жұқтыру қаупі болады. Сондықтан алдымен тұмауға қарсы, одан кейін коронавирусқа қарсы екпе салғызып алдым», – дейді Ералиева.

Дереккөз

Кілт сөздер:Әрі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close
Close