Қоғам

Олимпиада чемпионы әкім сыйлаған үйден қуылып, оқудан шығарылды

Алтыннан алқа тағынып, ел мерейін үстем еткен спортшыға сол кездегі облыс әкімі, бүгінгі мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартқан

ҚЫЗЫЛОРДА, 5 қазан – Sputnik. 2018 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы қызылордалық Диас Бахраддин төлемақыдан айырылып, пәтерден қуылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

View this post on Instagram

Публикация от SPUTNIK|ҚАЗАҚСТАН (@sputnik_kz)

2018 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасында 16 жастағы Диас Бахраддин байдарка және каноэде есуден алтыннан алқа тағынды. Елге оралған соң Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаев үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартқан. Сонымен қатар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Диастың ерен еңбегін бағалап, 140 мың теңге көлемінде ай сайынғы төлемақы тағайындайды. Арада бірер жыл өте салысымен спортшы берілген пәтерден, артынша төлемақыдан айырылады. Мән-жайды білу үшін біз Диастың өзімен сөйлестік.

Спорт немесе намаз

Диас Бахраддиннің айтуынша, намаз оқыған сәттен бастап спорттан шеттетіле бастапты. Арнайы оқу-жаттығу жиындарына қосқанның өзінде Диасқа ешкім көңіл бөлмеген көрінеді. Сол себепті ол көбіне өзі жаттыққан.     

«2018 жылы Олимпиададан олжалы оралғаннан соң Әбу Ханифа мазхабын ұстанып, бес уақыт намазға жығылдым. Намазды оқыған сәттен бастап жеке бапкерім Диана Хазиевамен қарым-қатынасымыз нашарлай бастады. Намаз оқығаным үшін жаттығудан шеттетті. Өйткені жаттықтырушылар жарыс алдында шошқа етін ұсынатын. Еуропаға жарысқа бара қалсақ, асхана тауық және шошқа етінен тағамдар әзірлейді. Бапкерлер калориясы аз деп тауық етін жеуге рұқсат бермейтін. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермедім. Сондықтан жеке жаттықтырушым «спортты немесе намазды таңда» деп шектеу қойды», – дейді ол.

19 жастағы спортшының сөзінше, екеуін қатар алып жүруге рұқсат берілмеген.

«Бұл жағдай жаттықтырушымыз екеуіміздің арамызды алыстата берді. Әрине, бапкердің бабынсыз спортшы ештеңе де істей алмайды. Тіпті нәтиже көрсетуі де қиын. Мен жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың чемпионы болсам, онда бапкерлердің де үлесі бар. Оларға айтар алғысым шексіз. Бірақ намаз оқыды деп психологиялық тұрғыдан қыса беруге болмайды ғой. Намаз – спорттық мансабыма кері әсерін тигізбейді деп ойлаймын», – дейді Диас.

«Олимпиада алтыны көк тиынға татымады»

«2020 жыл мен үшін оңай болмады. Бапкерлерім жаттығу мен жарыстардан айырды. Бұл бір Алланың сынағы шығар деп жүрдім. Содан жылдың басында тағайындалған жалақы тоқтатылды. Бірер ай өткеннен кейін сыйға тартқан үйді босатуға тура келді. Ережеге сәйкес үйді үш жағдайда босатады. Біріншісі, допинг дауына іліксе, екіншіден, облыстан басқа өңірге көшсе, үшіншіден, басқа елге қоныс аударса. Бұл қағидалар менің мансабымда бұзылмады», – дейді Диас.

Ал сәуір айынан бастап спорт басқармасына қарасты Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резерв колледжінен оқудан шығарылған.  

«Осылайша Олимпиада алтыны көк тиынға татымады. Шыны керек, әкем өмірден өткеннен кейін үйдің тірегіне айналдым. Мен үйдің асыраушысымын. Бұл қиындықтар да артта қалады. Бастысы, жігеріме құм құйылмаса деймін. Спорттағы осындай лас дүниелер кейде қынжылтады», – дейді ол.

«Мені өзімнің Қазақстаным қажет етпей отыр»

Спортшы жағдай түзелмесе, отбасымен бірге басқа елге қоныс аудармақ.

«Спорттық мансабымда қысым болғандықтан жан-жағыма қарайлай бастадым. Әлемдегі дамушы елдерде байдарка және каноэ спортының дамуы қарқынды емес. Егер де жағдай осы қарқынмен өрбитін болса, отбасыммен бірге қоныс аударуға шешім қабылдауға ниеттімін. Қоныс аударған жеріме барып, байдарка және каное спортын дамытсам деймін. Бұдан басқа амалым жоқ. Мені өзімнің Қазақстаным қажет етпей отыр, демек күнкөріс үшін кісі еліне кетуге тура келеді. Өмір деген үлкен мектеп екен, жас болсам да өз көзқарасым бар, бар мен жоқты ажыратып, әділдік пен әлсіздіктің айырмасын айқындай аламын. Мен ешкімге де реніш айтпаймын, бірақ өзегімді өртеген өкініш ұмытылмайды. Маңдайдан сорғалаған терім, спорттағы нәтижем қазақ еліне бақ әкелді, енді сол бақ өзіме сор болып тұр», – дейді Диас Бахраддин.

Дереккөз

Кілт сөздер:Әрі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close
Close